Ғылымнан басқаруға: мінез-құлыққа негізделген саясат Қазақстанға не береді?

Соңғы 10 жылда мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясатқа қызығушылық айтарлықтай артуда. Когнитивті психология, социология, мінез-құлық экономикасы және мемлекеттік басқару тоғысында қалыптасқан мультидисциплинарлы ғылым денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, салық жинау, экология, көлік және басқа да салаларда мемлекеттік саясаттың дәстүрлі тәсілдерін өзгертті.
Мінез-құлыққа негізделген саясат - мемлекет саясатын адамдардың шешім қабылдауы және әрекет ету ерекшеліктеріне сәйкестендіру, яғни қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру үшін «жұмсақ тәсілдерді» ұсынады. Негізгі мақсат - әртүрлі салалардағы азаматтар мен бизнес ұйымдарының мінез-құлық үлгілерін талдау және әл-ауқатты арттыру мақсатында қоғамның мінез-құлқын өзгертуге бағытталған «жеңіл итермелеу» («nudging») әдісін енгізу.
Әлемдегі алғашқы мінез-құлықты зерттеу орталығы — Behavioural Insights Team (BIT) — 2010 жылы Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның үкіметі жанындағы Министрлер кабинеті құрамында құрылды. Кейін BIT жартылай мемлекеттік ұйымға, одан соң 150 қызметкері бар тәуелсіз компанияға айналып, көптеген елдерге мінез-құлықтық тәсілдерді әзірлеу және сынақтан өткізу бойынша кеңес беретін деңгейге жетті. BIT тәжірибесі әлемнің басқа мемлекеттерінде де ұқсас орталықтардың құрылуына серпін берді.
2015 жылдан бері мемлекеттік органдарға мінез-құлықты талдауға көмектесетін зерттеу орталықтарының саны өсті. Ұлыбританиядан кейін Австралия, Франция, Германия, Жапония, Нидерланды, Сингапур және АҚШ-та орталықтар ашылды. Сонымен бірге Бүкіләлемдік банк, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және Еуропалық комиссияда мінез-құлықты талдау орталықтары белсенді жұмыс жүргізуде.
Жаһандық тенденциялар Қазақстан үшін де өзекті бола бастады. Қазақстан басшылығы да ғылымды мемлекеттік шешімдерге енгізудің маңызын ерекше атап өтуде. ҚР Президенті жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің 2024 жылғы 12 сәуірдегі отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университеттерді мемлекеттік сектормен белсендірек ынтымақтасуға шақырып, «Университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын стратегиялық орталыққа айналуы тиіс», — деп нақтылаған болатын. Осы орайда сарапшылар Қазақстан үкіметі бірқатар салаларда міне-құлық құралдарын қолданғанын атап өтеді. Мысалы, тегін диспансеризация бастамасында және азаматтарға қарыздар мен микрокредиттерге қолжетімділіктен бас тартуға мүмкіндік беретін e-Gov платформасындағы функция. Бұл екі мысал - мінез-құлықтық «нұсқаулар». Сонымен қатар плакаттар мен қоғамдық үндеулер сияқты визуалды хабарламаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы кампанияларда пайдалану мінез-құлық қағидаттарын практикада қолданудың қосымша дәлелі болды. Соған қарамастан, Қазақстан мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру үшін ғылыми дәлелдерді қолдану саласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерден артта қалып отыр. Елдегі ғылым мен мемлекеттік аппараттың өзара іс-әрекеті әлі де жеткілікті деңгейде дамымаған. Орталық Азия елдерінің құрылымдары секілді көп жағдайда еліміздегі мемлекеттік органдарда жаңа саяси шешімдерді ғылыми деректерді сыни талдаусыз, пилоттық жобаларды жүргізбестен және эксперимент нәтижелері негізінде әзірлеп, енгізеді.
Бұл бағыттағы қажеттілікті ескере отырып, 2025 жылы наурыз айында Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталықта (ҰТО) мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат орталығы ашылды. Бұл – Орталық Азияда мемлекеттік аппаратқа мінез-құлыққа негізделген құралдарды әзірлеу және сынақтан өткізу бойынша ғылыми-әдістемелік қолдау көрсететін алғашқы орталық. Бүгінде орталық аталған саладағы әлемдік деңгейдегі флагман - BIT-мен тығыз ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаларды іске асыруда.
2025 жылғы маусым айында BIT сарапшылары - Халықаралық бағдарламалар тобының басты кеңесшісі Себастьян Саломон-Баллада мен аға кеңесші Аделаида Баррера Даса спикер болған мемлекеттік саясаттағы мінез-құлық ғылымдарын дамытуға бағытталған үш іс-шара өтті: ҰТО қызметкерлеріне арналған мамандандырылған оқыту, қонақ лекция және саясатта мінез-құлық тәсілдерін енгізу мәселелері бойынша жоғары лауазымды 40 мемлекеттік қызметшіге арналған қорытынды тренинг. Шетелдік тренерлер бірнеше сессия өткізді. Соның бірі мемлекеттік саясатты әзірлеуде мінез-құлыққа бағытталған тәсілдің нақты ықпалын көрсететін кейстерді талдауға арналды. Мемлекеттік саясат саласының жетекші сарапшысы Салтанат Джаненова іс-шараны қорытындылай келе, ұлттық тәсілді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, «Мінез-құлықтық нұсқауларға қызығушылық артып келеді. Енді бізге мәдени контекстімізге, әлеуметтік нормаларымыз бен ұжымдық менталитетімізге бейімделген институционалдық негіз бен әдістемелер қажет», - деп атап өтті.
Көптеген ғалымдар (мысалы, Straßheim; Tammers; Thaler & Sunstein) әлем үкіметтерін «таңдау архитектурасы» идеясын байыппен қабылдап, мемлекеттік саясатты адамдарды бүкіл қоғамның әл-ауқатын арттыру үшін неғұрлым рационалды шешімдерге «итермелеу» түрінде қалыптастыруға шақырады. Батыстың демократиялық контекстінде қалыптасқан мінез-құлық құралдарын Қазақстан жағдайына бейімдеу - елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси ерекшеліктерін, мемлекеттік сектордың ұйымдық мәдениетін, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің формалды және бейресми этикалық нормаларын терең түсінуді талап етеді. Осы ерекшеліктерді басты назарда ұстап, қажетті қадамдар жасалғанда мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат Қазақстан үшін мемлекеттік басқарудың әртүрлі салаларында шешімдерді әзірлеу мен іске асырудың тиімділігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынуы мүмкін. Таңдау еркіндігі Қазақстанда ерекше маңызды, өйткені азаматтар түрлі әкімшілік айыппұлдармен жиі бетпе-бет келеді. Осы себепті қоғам «жұмсақ тәсілдерді» қабылдауға әлдеқайда бейім болады. Ал мінез-құлық ғылымын мемлекеттік басқару саласында тиімді қолдану үшін бастапқы кезеңде Қазақстан Үкіметінің саяси, ұйымдастырушылық және қаржылық қолдауы аса маңызды екенін атап өткен жөн.
Сурет ашық дереккөздерден алынған