Мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат: халықаралық тәжірибеге шолу

Мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясаттың 15 жыл ішінде дербес бағыт ретінде орнығуына шолу жасаған алғашқы мақаланың жалғасында Еуропа мен Азиядағы көптеген елдерге әсер еткен халықаралық тәжірибе талданады.
Sanders et al. (2018) сондай-ақ Straßheim (2020), Whitehead & et al. (2014) халықаралық тәжірибені шолу негізінде мінез-құлық саясатына әлем бойынша қызығушылықтың артуы мен таралуын зерттеген. Бірқатар мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар әлеуметтік нормалар мен мінез-құлық үлгілеріне «итермелеудің» (nudge) әсерін бағалау, сондай-ақ түрлі эксперименттер жүргізу мақсатында ғылыми-қолданбалы орталықтарды құрды.
Baggio et al. (2021) Еуропалық комиссия саясатын әзірлеуде мінез-құлық идеяларының қолданылуын талдап, әдіснамалық талаптарды күшейтуге және бизнес секторы мен академиялық орта арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге шақырады. АҚШ-тағы мінез-құлық саясатына арналған шолуда Gopalan & Pirog (2017) мінез-құлық идеяларын саясатты талдау мен әзірлеудің әртүрлі кезеңдеріне тереңірек енгізу үшін жаңа ұйымдық құрылымды ұсынады. Mukherjee & Giest (2020) орталықтарды мінез-құлық идеяларын саясатқа бейімдеп, енгізуді күшейтетін және саяси қолдауға әсер ететін ерекше аралық құрылым ретінде қарастырады. Бұл орталықтардың мемлекеттік органдардағы құрылымдық әртүрлілігі де осы тұрғыда маңызды. Howlett & Leong (2022) мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясатқа қатысты жалпы қорытындыларды ұсына отырып, зерттеу назарын жеке адамның жүріс-тұрысынан ұжымдық әрекетке және институционалдық мәдениетке қарай бұруды жөн санайды.
Австралия, Бразилия, Канада, Қытай, Жапония, Ресей, Оңтүстік Африка және Оңтүстік Кореяны қамтыған репрезентативті сауалнамаларға сүйенген Sunstein & Reisch (2019) мінез-құлық әдістеріне қоғамның көзқарасын зерттеді. Зерттеу қорытындысының нәтижесінде азаматтардың басым бөлігі денсаулық сақтау мен қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы «жеңіл итермелеуді» құптағанымен, жоғарыда аталған елдер қолдау деңгейі бойынша 3 негізгі топқа бөлінеді:
- либералды демократиядағы елдер тобы — мұнда «жеңіл итермелеулер» азаматтардың мүддесі мен құндылықтарына сай келіп, заңсыз мақсат көзделмеген жағдайда көпшілік қолдайды;
- «жеңіл итермелеудің» басым бөлігін жалпы қолдайтын елдер тобы;
- қолдау көрсеткіші салыстырмалы түрде төменірек елдер тобы.
Мінез-құлық тәсілдерін мемлекеттік саясатта қолданудың артықшылықтарымен қатар, бұл бағытқа қатысты сыни пікірлер де бар. Straßheim (2020) мінез-құлық стратегияларының жанама әсерлері көбіне әдіснамалық және тұжырымдамалық қателіктерден туындайтынын, ал мұндай қателіктер ұжымдық деңгейдегі сәтсіздіктерге әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Еуропалық Одақтағы саяси ұсыныстар ықпалын бағалауда мінез-құлық идеяларының қолданылуына арналған зерттеуде Dunlop & Radaelli (2015) саяси шешім қабылдау барысында байқалатын бірқатар жүйелі бұрмалаушылық түрлерін (bias) айқындайды. BIT-тің жуырдағы есебінде саяси лауазымды тұлғалардың өздері де когнитивтік бұрмалаушылықтардың ықпалында болатыны атап өтіледі.
Бірқатар зерттеушілер (Bovens және Hard (2016); Sheffer et al. (2018) шешім қабылдаудағы бұрмалаушылықтардың көпқырлылығын былайша сипаттайды «саясаткерлер мен мемлекеттік қызметшілер мәселенің қалай тұжырымдалатынына қарай сын-қатер жоғары саясатты таңдауы мүмкін («фрейминг әсері»). Мәселенің маңыздылығына қарамастан, кейбір тақырыптар басқаларына қарағанда көбірек назарға ілігеді де, көзге онша түспейтін, бірақ күрделірек проблемалар екінші кезекке ысырылып қалады». Мемлекеттік қызметкерлер дәлелдерді жеке ұстанымдарына сәйкес қабылдап, түсіндіруге бейім (сенімге икемделген бұрмалаушылық). Топ ішінде адамдар көбіне өзін-өзі тежеп, көпшілік пікіріне ыңғайланады, ал өзге топтардың уәждеріне назар аударылмайды.
Саясатты қолдайтындар көбейген сайын, адамдар басқалардың да көзқарасы «менікіндей» деп ойлауы мүмкін («ұқсастық иллюзиясы»). Сондай-ақ шешім қабылдаушылар болашақтағы табыс ықтималдығын және нәтижені бақылау қабілетін асыра бағалауға бейім (шектен тыс оптимизм және «бақылау иллюзиясы»). Hallsworth et al. (2018) мұндай бұрмалаушылықтарды азайтудың мынадай жолдарын ұсынады:
- дәлелдік базаның ашықтығын қамтамасыз ету;
- сарапшылық кеңес пен білімге қол жеткізетін кәсіби желілер құру;
- пәнаралық командалардағы когнитивтік әртүрлілікті күшейту;
- саясатты қалыптастыру мен түзетуде пилоттық эксперименттер нәтижелерін міндетті түрде ескеру.
Sunstein & Reisch (2019) кейбір «жеңіл итермелеулердің» тиімділігі неге төмен болатынын мына себептермен байланыстырады:
- адамдардың берік, терең орныққан қалаулары;
- күтілген таңдауды өзгертуге ықпал ететін «қарсы итермелеулердің» сәтті іске асуы;
- кейбір итермелеулердің мақсатты аудиторияда түсінбеушілік туғызуы;
- кейбір итермелеулердің қысқа мерзімді ғана әсер беруі.
BIT-дегі (Behavioural Insights Team) жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, Sanders, Snijders & Hallsworth (2018) мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясатқа қатысты мәселелерді сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді қатар қамтитын екі кластерге бөледі. Бірінші кластер қазіргі сын-қатерлерді қамтиды:
- «жеңіл итермелеулердің» ұзақмерзімді әсері;
- қайталама әсер ету нәтижелері;
- жанама әсерлер мен күтпеген салдарлар;
- мәдени айырмашылықтар;
- «кері әсер»;
- басқа елдер мен контексттерге көшіру (policy transfer) дағдарысы.
Екінші кластер мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясаттың мүмкіндіктерін сипаттайды:
- мемлекеттік аппараттың өз мінез-құлқына ықпал ету;
- «жеңіл итермелеулерді» ұлттық деңгейде кеңейту (масштабтау);
- әлеуметтік диффузия;
- әртүрлі ұйымдарға арналған «итермелеу» стратегиясы.
Көптеген халықаралық ұйымдар өз жұмысында мінез-құлыққа негізделген талдауды белсенді қолданады. Бірнешеуін мысал ретінде келтіре кетсек. Дүниежүзілік банктің «Ойлау, мінез-құлық және даму» (eMBeD) атты мінез-құлық ғылымдарын қамтитын тобы 70-тен астам елде 100-ден көп жобаға қатысқан. eMBeD Дүниежүзілік банктің департаменттері және әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттік саясатпен айналысатын қызметкерлермен тығыз жұмыс істеп, саясат пен бағдарламалардың табысына кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтаумен қатар мінез-құлық құралдарын әзірлеп, бағалайды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мемлекеттік сектордағы инновациялар жөніндегі Обсерваториясы (OPSI) 2011 жылы құрылған. Обсерватория ЭЫДҰ елдерінде мемлекеттік органдарға мінез-құлықтық әдістерді әзірлеу, енгізу және олардың әсерін бағалау ісінде қолдау көрсету үшін үкіметтер, университеттер, өнеркәсіп өкілдері, жаһандық ҮЕҰ және азаматтық қоғаммен бірлесіп жұмыс істейді. OPSI бүкіл әлемдегі мінез-құлық командалары көрсетілген интерактивті картаны, сондай-ақ сарапшыларға эксперименттер мен саясатты сынақтан өткізу нәтижелерімен бөлісуге мүмкіндік беретін онлайн-порталды әзірледі. БҰҰ өз ұйымдарының мамандары арасында оқыту мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін ұсынып, мінез-құлыққа негізделген әдістерді қолдануға ықпал етеді. Ал Абдул Латиф Жамиль атындағы кедейлікпен күрес зертханасы (J-PAL) — Массачусетс технологиялық институты жанындағы жаһандық зерттеу орталығы. Орталық кедейлікті азайтуға бағытталған саясатты ілгерілетіп, соның ішінде мінез-құлықтық талдауды Африка, Еуропа, Латын Америкасы, Таяу Шығыс, Солтүстік Америка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде дамытуға үлес қосады.
Дереккөз: Поведенческая госполитика: международный опыт и новые возможности для Казахстана