«Өзбекстан – 2030» стратегиясы және Қазақстан мүддесі: әріптестік пен бәсекелестіктің шекарасында

Сурет yuz.uz сайтынан алынды

2023 жылғы қыркүйек айында Өзбекстан «Өзбекстан – 2030» атты ауқымды стратегиялық даму бағдарламасын бекітті. Бұл құжат алдыңғы жоспарлардың («2017–2021 жылдарға арналған іс-қимыл стратегиясы» және «Жаңа Өзбекстан» тұжырымдамасы) жалғасы ретінде қабылданған. Стратегия мемлекеттік басқарудан бастап әлеуметтік саясат пен халықаралық беделге дейінгі салаларды қамтиды. Алайда негізгі назар экономикалық трансформацияға аударылып отыр. Нақты осы бағытта ел билігі экономикалық өсімді жеделдету, инвестициялық тартымдылықты арттыру және экспорттық әлеуетті кеңейту үшін күш салуда.

Бұл мақалада «Өзбекстан – 2030» стратегиясының экономикалық бөлігіне жан-жақты талдау жасалады. Ерекше назар Қазақстанмен ықтимал бәсекелестік нүктелеріне және Астананың оңтүстіктегі көршінің жаңа экономикалық қарқынына қалай жауап беруі керектігіне аударылады.

Диаграмма. «Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан елдерінің ЖІӨ өсімі бойынша салыстырмалы динамикасы (ЕҚДБ деректері негізінде)»

«Өзбекстан – 2030» стратегиясының экономикалық мақсаттары

Индустрияландыру, инвестициялар және ЖІӨ өсімі

Стратегияның басты мақсаты – қазіргі онжылдықтың соңына дейін Өзбекстанды ортадан жоғары табысы бар елдер қатарына қосу. Бұл үшін экономиканы екі есеге ұлғайту көзделіп отыр: ЖІӨ көлемін 2030 жылға қарай $160 млрд-қа дейін жеткізу, жан басына шаққандағы ЖІӨ – $4 000 деңгейіне дейін өсуі тиіс.

Мұндай қарқынға жету үшін жыл сайынғы ЖІӨ өсімі 6–6,5% деңгейінде болуы шарт. Бұл үшін реформалармен қатар, жалпы көлемі $250 млрд-тан асатын инвестициялар қажет, оның ішінде: $110 млрд – тікелей шетелдік инвестициялар, $30 млрд – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы тартылмақ. Яғни экономиканың басты қозғаушы күші – жеке сектор болуға тиіс. Үкімет оның ЖІӨ-дегі үлесін 85%-дан асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, инфляцияны 6%-ға дейін түсіру, мемлекеттік қарызды ЖІӨ-нің 50%-ынан асырмау сияқты макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған міндеттер де қойылған.

Кесте. «Өзбекстанның қазіргі макроэкономикалық көрсеткіштері және 2030 жылға дейінгі мақсатты индикаторлары»

Өзбекстан экономикалық даму бағытының өзегіне индустриялық саясатты қойып отыр. Ел жергілікті ресурстар мен технологияларға сүйене отырып, химия, металлургия, машина жасау және тоқыма өнеркәсібінде кластерлік жүйе құруды мақсат етеді. Автокөлік өндірісі мен тұрмыстық техника салаларында халықаралық стандарттарды енгізу және жергілікті жеткізу тізбектерін дамыту арқылы еңбек өнімділігін екі есеге арттырып, өнеркәсіптің қосылған құнын $45 млрд-қа дейін жеткізу көзделген.

Мемлекет 2,5 миллион жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлауда. Әлеуметтік салада 2026 жылға дейін кедейлік деңгейін екі есеге төмендету, ал 2030 жылға қарай 5%-ға дейін қысқарту міндеті қойылған. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 7%-дан аспауы тиіс, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 14%-дан 6%-ға дейін төмендеп, 1 миллион табысы жоғары жұмыс орны құрылуы қажет.

Көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуы

Экономикалық өсімді қолдау үшін Өзбекстан көлік пен энергетика инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуды қолға алуда. Жалпы сомасы $150 млрд-тан астам 500-ден аса жоба жүзеге аспақ. Бұл шаралар елдің ішкі байланысын жақсартуға және транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Мәселен, Ташкент – Самарқан пен Ташкент – Ферғана алқабы бағытындағы жоғары жылдамдықты автожолдар салынып, мыңдаған шақырым жолдар қайта жөнделуде, соның ішінде шалғай ауылдарға апаратын жолдар да қамтылған. Теміржол саласында да жолдардың 65%-ын электрлендіру, өткізу қабілетін арттыру және Ташкент – Самарқан бағытындағы жылдам жүрдек пойызды Бұхараға дейін ұзарту жоспарланған.

Өзбекстан өзін орталық логистикалық хабқа айналдыруды көздейді. Бұл үшін ел Ауғанстан арқылы Пәкістан порттарына шығатын теміржол мен Қырғызстан арқылы Қытайға апаратын бағыттарды ілгерілетуде. Бұл жобалар теңіз жолдары мен Оңтүстік Азия нарықтарына тікелей шығу мүмкіндігін беріп, дәстүрлі маршруттарға тәуелділікті азайтады.

Энергетикалық инфрақұрылым Өзбекстан экономикасының тағы бір негізгі саласы. Жоспар - жылу электр станцияларын жаңғырту, соның ішінде жалпы қуаты 3 ГВт болатын үш ЖЭС-ті жаңарту. Бұл шаралар энерго тиімділікті арттыруға және табиғи газды үнемдеуге бағытталған. 2030 жылға қарай баламалы энергия көздерінің (ЖЭК) қуатын 25 ГВт-қа дейін жеткізу жоспарланған, бұл елдің энергия тұтынуының 40%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта күн және жел станциялары, сондай-ақ су электр станциялары белсенді дамып келеді. Сонымен қатар, Жызақ облысында салынып жатқан алғашқы атом электр станциясы елдің энергетикалық теңгерімін әртараптандыруға тиіс. Бұған қоса, жыл сайынғы газ өндіру көлемі 62 млрд м³-қа дейін ұлғайтылмақ. Жалпы алғанда, көлік пен энергетикаға салынған инвестициялар экономикадағы «тар орындарды» жойып, өнеркәсіп пен экспорттық әлеуеттің тұрақты дамуына берік негіз қалайды.

Экономика мен мемлекеттік басқарудың цифрландырылуы

Цифрландыру – стратегияның басты басымдықтарының бірі. Өзбекстан IT саласын қарқынды дамытуға, IT-парктердің ЖІӨ-дегі үлесін 2,2%-ға дейін жеткізуге және технология саласында 100 мыңға дейін жұмыс орнын құруға ниетті. Бұл мақсатқа жету үшін Халықаралық цифрлық технологиялар орталығының инфрақұрылымы кеңейтіледі, стартаптарға қолдау көрсетіліп, өңірлік IT-хабтар құрылып, венчурлік инвестициялар тартылады. Цифрландыру мемлекеттік қызметтерді де қамтиды: 2030 жылға қарай «үш қадам – бір қосымша» қағидаты толық іске асырылып, электрондық қызметтер махалла комитеттеріне дейін енгізіледі.

«Цифрлық үкімет» және «Электрондық үкімет» бағдарламалары барлық құжаттар мен процестерді цифрлық форматқа көшіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, салық және кеден салаларында, тауарларды таңбалау мен қаржылық технологияларды (финтех) дамытуда цифрлық шешімдер енгізіледі. Цифрлық дағдыларды үйретуге де ерекше көңіл бөлінбек. Мұндай жан-жақты цифрландыру бюрократияны азайтуға, ашықтықты арттыруға және азаматтар мен бизнестің өмірін жеңілдетуге бағытталған.

Экспорттың өсуі мен сыртқы экономикалық жоспарлар

Шетел валютасының ағынын қамтамасыз ету және ел табысын арттыру мақсатында Өзбекстан экспорттық серпіліс жасауға ниетті. 2030 жылға қарай тауарлар мен қызметтердің жалпы экспорты екі есе артып, $19 млрд-тан (2022 ж.) $45 млрд-қа дейін жетуі тиіс. Бұл мақсатқа қосылған құны жоғары өнімдердің экспорты арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Ел шикізаттың орнына дайын өнімдерді, атап айтқанда мата, тамақ өнімдері, машина жасау және электроника тауарларын сыртқы нарыққа көбірек сатуға ұмтылуда.

Өнеркәсіптік экспорт. Өзбекстан өнеркәсіптік экспортты, әсіресе жеңіл өнеркәсіптегі үлесін арттыруға баса назар аударуда. Ел мақтадан киімге дейін толық өңдеу тізбегін ел ішінде қалыптастыруды жоспарлап отыр. Стратегия аясында қазақ-өзбек индустриялық паркін құру туралы да айтылған. Бұл парк шекара маңында орналасып, өзбек шикізатын (мақта, жеміс-көкөніс өнімдері) өңдеуге бағытталады. Мұндай қадамдар екі ел арасындағы кооперацияны нығайтып, өзбек өнімдерінің шетелге шығуын жеңілдетуі тиіс.

Ауыл шаруашылығы және азық-түлік экспорты. Өзбекстанның агроөнеркәсіптік кешені де экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. 2,5 млн тонна өнімге арналған агрологистикалық орталықтар желісі құрылады, бұл жеміс-көкөніс экспортының көлемін $1 млрд-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Өзбекстан ТМД кеңістігінде жеміс, көкөніс және құрғақ жеміс экспортында көш бастап тұр, ал 2030 жылға қарай бұл бағытта позициясын одан әрі күшейту көзделіп отыр. Ол үшін өнімді сақтау, өңдеу және тасымалдау жүйелері жақсартылмақ. Сонымен қатар, заманауи агротехнологиялар мен субсидиялар арқылы өнімділік арттырылады. Жаңа 1,2 млн гектар суармалы жер айналымға енгізіледі.

Сыртқы экономикалық байланыстар. Өзбекстан ашық экономика бағытын ұстанатынын жариялады. Ел валюта нарығын ырықтандыру мен сауда кедергілерін азайту саясатын жалғастыруда. Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру мақсатында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Еуроодақ, Орталық Азия және АСЕАН елдерімен әріптестік дамып келеді. Қытай мен Ресей Өзбекстан экспортының негізгі нарығы болып қала береді. Ел экспорт номенклатурасын кеңінен әртараптандыруға ұмтылуда.

Осылайша, 2030 жылға қарай Өзбекстан экономикасы индустриялық, цифрлық және жаһандық нарыққа ашық болуға тиіс. Әрине, бұл жоспарлар аса ауқымды – оларды жүзеге асыру үшін ірі инвестициялар, институционалдық реформалар және қолайлы сыртқы жағдайлар қажет. Алайда тіпті жартылай орындалған күннің өзінде бұл стратегия Өзбекстанның өңірдегі орнын айтарлықтай күшейтеді.

 

Қазақстан мен Өзбекстан мүдделерінің ықтимал бәсекелестік нүктелері

Өзбекстанның жедел экономикалық серпінге ұмтылысы оны Орталық Азиядағы ықпалды «ойыншылардың біріне айналдырып отыр. Бұл жағдай сөзсіз аймақтағы жетекші экономика – Қазақстанның қызығушылығын тудырады. Төменде екі ел арасындағы ықтимал тоғысатын, бәсекелесетін әрі ынтымақтасуға болатын салалар талданады.

Транзиттік дәліздер мен логистика

Транзиттік әлеует – екі ел арасындағы жасырын бәсекенің негізгі бағыттарының бірі. Қазақстан Транскаспий дәлізін (Каспий арқылы Еуропаға) және Түрікменстан арқылы Ауғанстанның Герат қаласына апаратын бағытты дамытуды назардай ұстайды. Өз кезегінде, Өзбекстан солтүстіктен Мазари-Шариф арқылы өтетін Трансауған дәлізін және Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол жобасын белсенді түрде ілгерілетуде.

Әрбір ел халықаралық жүк ағынын өз аумағы арқылы өткізуге және инвестор тартуға мүдделі. Алайда соңғы жылдары ынтымақтасу қажеттігі де артып келеді. Сарапшылар Орталық Азия үшін бірыңғай көлік стратегиясын қабылдауды, ал ұлттық бағыттарды бір-біріне балама ретінде емес, біртұтас өңірлік желінің құрамдас бөлігі ретінде қарауды ұсынады. Бұл бағытта «Орталық Азия көлік дәлізі» деген ортақ бренд құру идеясы да талқылануда. Мұндай тәсіл Қазақстан мен Өзбекстан үшін өзара бәсекелестіктен гөрі жаһандық балама бағыттарға қарсы күш біріктіруді көздейді.

Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі

Ауыл шаруашылығы – екі ел үшін де маңызды сала. Олардың мамандануы әртүрлі болғанымен, белгілі бір бағыттарда нарық үшін бәсекелестік орын алуы мүмкін. Қазақстан – дәстүрлі түрде бидай, ұн және майлы дақылдар экспорты бойынша танымал, Евразияның «астық қоржыны» саналады. Ал Өзбекстан – жеміс-жидек, көкөніс, бақша өнімдері, жаңғақ және мақта талшығы экспортына маманданған.

Қазіргі уақытта тікелей бәсекелестік шектеулі: Қазақстан Өзбекстанның бидайға деген сұранысының басым бөлігін қамтамасыз етеді, ал Өзбекстан Қазақстанға маусымнан тыс уақытта көкөніс-жеміс жеткізеді. Алайда мал шаруашылығы мен құс шаруашылығындағы өндіріс артуымен, екі елдің қызығушылық векторлары жиі тоғыса бастады – әсіресе ЕАЭО және Қытай нарықтарында логистика, квота және техникалық стандарттар бойынша.

Бәсекелестіктің орнына ауылшаруашылық кооперация әлдеқайда ұтымды жол ретінде қарастырылуда. Мысалы: Қазақстандық мал азығы есебінен өзбек ет экспортының қуатын арттыру, Өзбек жемістері мен мақтасын бірлескен кәсіпорындарда өңдеу.

Мұндай жобалар екі ел үшін де пайдалы экспорттық нәтиже береді. Қазірдің өзінде шекара маңында бірлескен индустриялық аймақтар құру, дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығару жоспарлануда. Қазақстанның кең жер ресурстары мен Өзбекстанның еңбек әлеуетін ұштастыру арқылы бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнім көлемін жасауға болады.

Қазақстан мен Өзбекстан судың қайнар көзі емес, ағыс бойындағы елдер. Бұл екі мемлекет те көрші мемлекеттердің – Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан – аумағынан бастау алатын өзендерге тәуелді. Сондықтан су мәселесінде олар бәсекелес емес, қайта тағдыры тоғысқан серіктестер. Негізгі міндет – өзендердің жоғары ағысында орналасқан елдерді су шығымын әділ әрі теңгерімді бөлуге, төменгі ағыс елдерінің суармалы жерлеріндегі мұқтажын ескеруге көндіру. Су – тіршіліктің өзегі. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстанның мақсаты – бірін-бірі шектеу емес, бірігіп әрекет ету арқылы суды тиімді басқарудың тетігін табу.

Демек, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары саласында қос елдің мүддесі қайшы емес, керісінше – толықтыратын сипатта. Ақылға негізделген, ұтымды стратегия болған жағдайда, бұл салада ынтымақтастықтың әлеуеті зор.

Мұнай, газ және энергетика

Энергетика саласында Қазақстан мен Өзбекстанның ресурстық әлеуеті мен стратегиялық мақсаттары әртүрлі болғанымен, ынтымақтасуға да, бәсекелесуге де негіз болатын тұстары бар. Қазақстан – аймақтағы ең ірі мұнай өндіруші ел (жылына шамамен 90 млн тонна), әрі газ өндіруде де көшбасшы (шамамен 60 млрд м³), оның бір бөлігі экспортқа бағытталған. Өз кезегінде, Өзбекстанның мұнай қоры аздау, бірақ ол жыл сайын шамамен 50 млрд м³ газ өндіреді және, әсіресе қыс мезгілінде байқалатын энергия тапшылығын жою мақсатында бұл көрсеткішті 62 млрд м³-ке дейін арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, ол жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) мен Атом электр станциясына (АЭС) ірі инвестиция құюда.

Егер бұл жоспарлар іске асса, Өзбекстан 2030 жылға қарай энергияның нетто-экспорттаушысына айналып, Қазақстанмен бірқатар нарықтар үшін бәсекеге түсуі мүмкін – соның ішінде энергетикалық инфрақұрылымға инвестиция тарту мен экспорттық бағыттар бойынша. Алайда ғаламдық деңгейде бұл елдердің нарықтары онша қиылыспайды. Қазақстан мұнайды негізінен Еуропаға экспорттайды, ал бұл нарықта Өзбекстанның қатысуы жоқ. Газ экспортында екі ел де Қытай бағытына шағын көлемде жеткізеді. Айта кетерлігі, Өзбекстан Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы импорттайды, бұл – екі тарап үшін де тиімді сауда моделі.

Осылайша, энергетика саласында бәсекелестік айтарлықтай емес. Бірақ Қазақстан Өзбекстанның газ бен электр энергиясы саласындағы стратегиясының орындалу барысын мұқият бақылауы тиіс: егер Өзбекстан энергия өндірісін сәтті арттыра алса, ол Қазақстаннан көмір импорттауға тәуелділігін азайтып, оңтүстік бағыттағы жаңа энергетикалық экспорттаушы ойыншыға айналуы мүмкін.

Инвестиция тарту

Екі мемлекет те экономикалық өсуді инвестиция ағынымен байланыстырады және Орталық Азиядағы ең тартымды инвестициялық бағыт мәртебесі үшін бәсекелесіп отыр. Қазақстан бұл салада тарихи көшбасшы – 1991 жылдан бері елге $441 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұған мұнай‑газ саласындағы алып жобалар мен экономиканың ерте ашылуы үлкен әсер етті. Өзбекстан болса, тек 2010‑жылдардың ортасынан бастап, ондаған жылдарға созылған жабық саясаттан кейін, инвесторларға есігін айқара ашып, Мирзиёев билігі кезінде шетелдік капиталдың ағыны айтарлықтай жеделдеді. Астана мен Ташкент бүгінде трансұлттық компаниялардың аймақтық хабы болуға ұмтылып, инвестиция тарту үшін белсенді түрде бәсекеге түсуде.

Кей жағдайларда Қазақстан мен Өзбекстан ірі инвестициялық жобаларды тартуда тікелей қарсыластарға айналады. Мысалы, халықаралық корпорацияның аймақтық кеңсесі қайда ашылады — Алматыда ма, әлде Ташкентте ме? Келесі автозауытты қай елде салу тиімді? Өзбекстан Volkswagen-ді (MAN зауыты Самарқанда) тартса, Қазақстан финтех секторында күштірек. Дегенмен, бұл бәсеке айтарлықтай шиеленісті емес, өйткені екі мемлекет те инвесторлардың Орталық Азияға деген қызығушылығының артуынан және аймақтың инвестициялық тартымдылығының өсуінен бірдей пайда көреді. Мәселен, Президент Тоқаев шетелдік сапарларында инвесторларды тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азияға қаржы салуға шақырады.

Жалпы алғанда, инвестиция саласындағы ынтымақтастық та күшейіп келеді. Қазақстандық компаниялар Өзбекстанда тоқыма өндірісінен бастап аграрлық жобаларға дейін белсенді жұмыс істейді. Өз кезегінде, өзбек кәсіпорындары автокөлік құрастырумен айналысуда. Екі елдің $1 млрд көлеміндегі ортақ тікелей инвестициялар қорының құрылуы – өндірісті ұштастыру мен кооперациялық кластерлер қалыптастыруға деген нақты ниеттің айғағы.

Осылайша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынастарды «бәсекелес әріптестік» деп сипаттауға болады. Бұл екі жақты дамуға серпін береді, ал ортақ сын‑қатерлерді (энергетика, климат, су ресурстары, қауіпсіздік) түсіну екі елді бірлесе әрекет етуге итермелейді. Ең бастысы – дені сау бәсекелестіктің стратегиялық текетіреске ұласуына жол бермеу.

Дұрыс бағыттағы бәсекелестік пен реформалардағы табыс екі мемлекетті де алға жылжытады, бұл бүкіл аймаққа оң әсерін тигізеді.


Қорытынды

Өзбекстанның экономикалық серпіні Орталық Азиядағы күштер теңгерімін түбегейлі өзгерте алады. Егер Қазақстан мен Өзбекстан ақылмен әрекет етсе, әлеуетті қайшылықтарды жаңа деңгейдегі ынтымақтастыққа айналдыра алады. Екі көшбасшы елдің мүдделері көбіне тоғысады, ал бәсеке ортақ бастамалар аясында шығармашылық сипатқа ие бола алады. Қазақстан прагматизмді сақтауы тиіс: Өзбекстанның өсуінен қорықпай, керісінше оның жетістіктерінен сабақ алып, сол процестің бір бөлігіне айналу қажет. Бірлескен жоспарлау, инвестициялар және үздік тәжірибе алмасу екі ірі экономиканың да жылдам дамуына, қақтығыстан аулақ болуына және Орталық Азияның тұтас нығаюына мүмкіндік береді. Бұл тәсіл екі елдің де ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне сай келеді және аймақтың өркендеуіне жол ашады.