ҰТО сарапшылары Премьер-Министрмен кездесті

10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің сарапшылық қауымдастық өкілдерімен кездесуі өтті. Аталған кездесуге Ұлттық аналитикалық орталық атынан басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов, Экономикалық модельдеуді дамыту орталығының директоры Ақбөбек Ахмедьярова және Аймақтық талдау орталығының аға зерттеушісі Расул Қоспанов қатысты.
Кездесу барысында экономикалық даму мәселелері, отандық өндірісті ұлғайту, салалық дамудың басым бағыттары, сыртқы тәуекелдер, сондай-ақ жаһандық экономикалық ахуалдың ұлттық экономикаға ықпалы талқыланды. ҰАО басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов баяндама жасап, 2026 жылға арналған макроэкономикалық болжамдарды ұсынды.
Үкімет басшысы сарапшылық қауымдастықпен тұрақты әрі жүйелі диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, халықтың нақты табысы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған теңгерімді шешімдер қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар кеңеске ҰАО сарапшыларынан бөлек, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC), CSI, TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы және «Комментарий» аналитикалық тобының өкілдері де қатысты.
Фото Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми сайтынан

