ҰТО Қазақстанның мемлекеттік органдарына арналған мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат бойынша халықаралық семинар өтті

2026 жылғы 18 наурызда Назарбаев Университетіylt «Мемлекеттік басқаруда мінез-құлық ғылымын қолдану» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Іс-шараны Ұлттық талдамалық орталық (бұдан әрі – ҰТО) Behavioural Insights Team (бұдан әрі – BIT) сарапшыларының қатысуымен ұйымдастырды.

Семинардың мақсаты – Қазақстанның мемлекеттік органдары мен талдау орталықтарының өкілдерін мінез-құлық ғылымының жаңа тәсілдерімен және оны мемлекеттік басқару саласында қолдану мүмкіндіктерімен таныстыру. Қатысушылар мінез-құлыққа негізделген тәсілдердің мемлекетке азаматтармен өзара іс-қимылды неғұрлым тиімді етуге, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі болуына қалай ықпал ететінін талқылады. Семинарға орталық мемлекеттік органдар мен талдау орталықтарының қызметкерлері қатысты.

ҰТО-ның мемлекеттік басқару және мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат жөніндегі орталығының директоры Салтанат Джаненова: «Мінез-құлық ғылымы – жай ғана жаңа тренд емес, «ол таңдау архитектурасын» түсіну арқылы мемлекеттік саясаттың тиімділігін үлкен қаржылық шығындарсыз арттыруға мүмкіндік беретін қуатты құрал. Қазақстанның мемлекеттік органдары мінез-құлықтық инсайттарды қолдануға талпынып келеді, алайда ғылыми дәлелдерге негізделген шешімдер қабылдау үшін пилоттық эксперименттерге және олардың нәтижелерін бағалауға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отыр», - деп атап өтті.

BIT сарапшылары мемлекеттік басқаруда мінез-құлық әдістерін қолданудың халықаралық тәжірибесін таныстырды. Қазақстан жағдайында мінез-құлық тәсілдерін қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

BIT халықаралық сарапшысы Андрес Куэто Ұлыбритания тәжірибесінен алынған мінез-құлықтық зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті:

«Салық декларациясын толтыру үдерісін жеңілдету салық нысандарын толтыру деңгейін 22%-ға арттырды, ал қант қосылған сусындарға жоғары салық енгізу халықтың қант тұтынуын жылына 45 млн кг-ға қысқартты. Мемлекеттік саясатта мінез-құлық ғылымын тиімді қолдану елеулі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді».

Осындай іс-шараларды өткізу тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру мақсатында университеттер, талдау орталықтары және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастық негізінде ғылыми-қолданбалы зерттеулердің дамуына ықпал етеді.