Ұлттық талдамалық орталық (ҰТО) сарапшысы ШҚО-дағы халықаралық конференцияға қатысты

ҰТО Аймақтық талдау орталығының аға зерттеушісі Расул Қоспанов 2025 жылғы 20–21 қазан күндері Өскемен қаласында өткен «Еуразиялық кеңістіктегі этнодемографиялық үдерістер: тұрақты дамудың трансформациялары мен сын-қатерлері» тақырыбындағы XXIV Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Іс-шара Қазақстан және ТМД елдерінің жетекші ғалымдарын біріктірді. Конференция Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанындағы «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды, Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өтті.
«Қала – әлеуметтік-демографиялық трансформациялар кеңістігі ретінде» секциясы аясында Расул Қоспанов «Қазақстан қалалары тұрғындарының діни бірегейлігіндегі ұрпақаралық айырмашылықтар» тақырыбында баяндама жасады.
Өз сөзінде зерттеуші ұрпақтар арасындағы айырмашылықтарға қарамастан, қазақстандық қоғамда діни дәстүрлердің сабақтастығы сақталып отырғанын, ал урбанизация мен цифрландыру үдерістері қалалық мәдениеттің плюралистік және зайырлы сипатын күшейтіп отырғанын атап өтті.

