Эксперимент небәрі 4 апта жүргізілгеніне қарамастан, пилоттық дүкендерде қазақстандық ірімшіктің сатылымы 20%-ға артты

2026 жылғы 12 мамырда «EXPO» халықаралық көрме орталығы алаңында сауда желілеріндегі «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін насихаттау тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, сауда желілерінің, отандық өндірушілердің, салалық және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айжан Бижанова «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін насихаттау бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталық (ҰТО) сүт өнімдерін насихаттауда мінез-құлық құралдарын қолдану жөніндегі пилоттық жобаның нәтижелерін таныстырды. Адам мінез-құлқын терең түсінуге негізделген мінез-құлықтық «итермелеу» құралдары халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд және БАӘ елдерінде визуалды екпіндер жасау және тауарларды көрнекі жерге орналастыру сияқты қарапайым тәсілдер нысаналы өнімдердің (көкөністер, жемістер, жергілікті өнімдер) сатылымын едәуір арттырған.

Мінез-құлық құралдарын тестілеу бойынша эксперимент Magnum сауда желісі базасында жүргізілді. Жоба Ұлыбританиялық мінез-құлық ғылымы саласындағы жаһандық компания - Behavioural Insights Team ұйымының әдіснамалық қолдауымен іске асырылды. Жоба аясында сатып алушылардың назарын қазақстандық ірімшіктерге аудару мақсатында баннерлер, сөре бөлгіштері, стикерлер, «Қазақстанда жасалған» деген жарқын белгілері бар сөре жолақтары және аудио хабарламалар қолданылды.

ҰТО Мемлекеттік басқару және мінез-құлыққа негіделген мемлекеттік саясат орталығының директоры Салтанат Джаненова: «Біз мінез-құлық құралдарын қазақстандық жағдайда ірімшік өнімі мысалында сынақтан өткізуді жөн көрдік. Ірімшік негізгі азық-түлік өнімдерінің қатарына жатады, алайда импорт үлесі жоғары - 47% құрайды. Эксперимент небәрі 4 апта жүргізілгеніне қарамастан, пилоттық дүкендерде қазақстандық ірімшіктің сатылымы 20%-ға артты. Бұл - өте жоғары көрсеткіш. Әлемдік тәжірибе «итермелеу» құралдарының орташа әсері шамамен 8% екенін көрсетеді. Қазақстан нарығында ұлттық брендті сапалы навигациялау мен визуалды таныстыруға сұраныс өте жоғары. Біздің эксперимент қазақстандықтардың «экономикалық патриотизмін» көрсетуге дайын екенін дәлелдейді. Ол үшін тұтынушыларға дүкенде дұрыс таңдау жасауға көмектесу, яғни өнімді танымал әрі көзге көрінетін ету қажет», - деп атап өтті.

Қатысушылар мінез-құлық құралдарын өңірлердегі отандық тауарлардың өзге санаттарына кеңейту және сауда желілерінде қазақстандық өнімдердің визуалды насихатталуын күшейту жөніндегі ұсыныстарды талқылады.